Әйтеке би ауданының әкімі тағайындалды

Ақтөбе облысы әкімінің өкімімен Дархан Ермаганбетов Әйтеке би ауданының әкімі болып тағайындалды. 16 наурыз, дүйсенбі Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы әкімінің лауазымына ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімдерімен облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұл қызметке Дархан Ермағанбетовты тағайындады. Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Мемлекет басшысы бекіткен тапсырмаларды сапалы жүзеге асыру, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың жұмысқа орналасуын басты назарда ұстау қажеттігін айтты.Дархан Ермағанбетов, 1986 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Батыс-Қазақстан инженерлік-гуманитарлық, «НАРХОЗ» АҚ университеттерінің түлегі.Еңбек жолын 2008 жылы Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының іс жүргізу инспекторы болып бастаған. Ақтөбе облысы білім басқармасының арнайы білім беру, интернаттық ұйымдар және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің жетекші маманы, бас маманы лауазымында қызмет атқарған. Әр түрлі жылдары Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасарының бас маманы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы, кейін облыс әкімі орынбасарының бас маманы болып жұмыс жасаған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы лауазымдарын атқарды. 2014-2019 жылдары Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болса, 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін, Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымын атқарды.